Жаңалықтар
Қош бол, алтын ұя мектебім!
30 мамыр 2025 11:14
Бүгін – жүректерді толқытқан, қимастық пен үмітке толы ерекше күн! Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі баршаңызды Соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтайды! Бұл – балалық пен жастықтың бір кезеңі аяқталып, үлкен өмірге қадам басатын сәт.
Биыл мектебіміз 10 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Жетістіктерге толы бұл онжылдықта 701 түлек қанат қақты. Жаңашылдық пен білімнің ордасы ретінде мектебіміз шығармашылық, ғылыми, IT жобалармен танылып, дамуды жалғастыруда.
2024–2025 оқу жылында 98 түлек мектеппен қоштасып отыр. Бұл күн – соңғы қоңырау ғана емес, ұстазға алғыс пен достарға қимастық сезімін жеткізер сәт. Алда – үлкен өмір, жаңа белестер мен жарқын болашақ күтуде.
Соңғы қоңырау салтанатты кешінде мектеп директоры Гульнара Дусказиева оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
“Құрметті түлектер! Сіздерге жарқын жол, нық сенім мен биік мақсаттар тілейміз. Қайда жүрсеңіздер де, туған мектебіңізді, сізге жол сілтеген аяулы ұстаздарыңызды әрдайым жүректе сақтаңыздар! Аяулы ұстаздардың еңбектері – шәкірттер жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Еңбектеріңіз жана берсін”, - деді Г.Дусказиева.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай арнайы қойылым көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Салтанатты жиын барысында оқу жылын үздік аяқтаған оқушылар мадақтамалармен марапатталды. Биылғы «Жыл оқушысы» атағына түлегіміз Дамир Сарбасов ие болды. «Ең үздік шаңырақ» номинациясы «Есіл» шаңырағына табысталды.
Биыл мектебімізде 7 сынып оқушыларына арналған «Домбыра» міндетті жобасы сәтті жүзеге асырылды. Жоба қатысушылары шарада «Мұрагер» ансамблімен бірлесіп «Балбырауын», «Тепеңкөк» және «Адай» күйлерінен попурри орындады. Түлектерге сәт сапар, ақ жол тілейміз!