Жаңалықтар
«Туған елге тағзым – 2025»
18 маусым 2025 11:37
2025 жылдың 9–13 маусым аралығында Қостанай қаласында дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетанулық зерттеу экспедициясы өтті.
Экспедицияға Ақтөбе, Шымкент және Семей қалаларынан келген 7 және 9 сынып оқушылары қатысты. 5 күн бойы жас зерттеушілер Қостанай облысының мәдени, тарихи және өндірістік орындарын аралап, мол ақпарат жинады.
Мұражайлар, тігін және ұн фабрикалары, автокөлік зауыты, Рудный қаласындағы ірі кен өндіру кәсіпорны мен құс фабрикасы – бәрі де оқушылардың қызығушылығын арттырды.
Қуыршақтар театрындағы қойылым да ерекше әсер қалдырды.
Зухра Икласова, Семей қаласы:
«Экспедиция өте жоғары деңгейде өтті. Ыбырай Алтынсарин мен Ілияс Омаров сияқты тұлғалардың өмірімен танысып, Қостанай мен Рудный қалаларының тарихын терең зерттедік. Бұл біз үшін өте пайдалы әрі әсерлі тәжірибе болды».
Экспедиция аясында оқушылар ұлы Абайдың 180 жылдығына орай асықтан Торсық жасап, ұлттық дәстүрді жаңғыртты.
«Туған елге тағзым» жобасы – оқушыларды туған елінің тарихын, мәдениетін, өндірісін зерттеуге баулып, олардың бойында патриоттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды бастама.