Жаңалықтар
NIS Kostanay оқушысы Президент қолынан марапат алды
12 тамыз 2025 11:43
Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы, халықаралық білім сайыстарының жеңімпазы Андрей Енбахтов елорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан арнайы марапат алды.
Ақордада өткен кездесуде Президент халықаралық пәндік олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізген дарынды оқушылармен жүздесіп, олардың еңбегі мен табысын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы білім мен ғылым жолында биік белестерді бағындыруда табандылық пен ынтаның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Марапат иелерінің қатарында жуырда халықаралық география олимпиадасында (IGeO-2025) алтын медаль жеңіп алған Андрей Енбахтов та болды. Оның еңбексүйгіштігі, табандылығы мен мақсатқа ұмтылысы осы мәртебелі марапатқа жеткізді. Бұл жетістік – оның білімге деген адалдығының, ұстаздарының біліктілігінің және ата-анасының зор қолдауының нәтижесі.
Бұл маңызды кездесу – еліміздің жас зияткерлерін қолдау мен ынталандыруға ерекше назар аударылатынын тағы бір мәрте айғақтады. Мұндай құрмет жас буынға жаңа жетістіктерге ұмтылуға, үлкен мақсаттар қоюға және өз күшіне сенуге қуатты серпін береді.
Андрейге алдағы уақытта да талай биіктерді бағындырып, Қазақстанның атын асқақтата беруді тілейміз!