Жаңалықтар
Климат – біздің қолымызда!
13 қараша 2025 10:29
Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «E» сынып оқушысы Жанэлла Мирамова халықаралық Turn It Around! Control Asian Climate Cards (2024–2025) жобасының финалистері қатарына енді.
Бұл жоба Орталық Азия елдерінің – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанның жастарымен біріге отырып, климаттық білім мен адам қауіпсіздігіне арналған ерекше карточкалар топтамасын жасауға бағытталған.
Жобаны CAPS Unlock, Central Asian Climate Education Alliance, ЮНЕСКО Алматы және Аризона мемлекеттік университеті (АҚШ) ұйымдастырған.
Жанэлла өз жұмысында өңір тұрғындарына таныс көктем мезгіліндегі жағдайды бейнелеген: «10-аймақ» деп жазылған қайықта ерікті құтқарылған итпен бірге. Бұл сурет климаттың өзгеруін ғана емес, сонымен қатар адам мейірімділігі мен үмітін де көрсетеді.
Turn It Around! жобасы – тек білім беру құралы ғана емес, сонымен қатар экологиялық саясат қалыптастыруға жасалған қадам. Бұл бастама арқылы жастар – жай ғана оқушы емес, өзгерістердің қозғаушы күші екенін дәлелдейді.
Жанэлланы жарқын жетістігімен және Жер болашағына арналған халықаралық диалогқа қосқан үлесімен құттықтаймыз!