Жаңалықтар
«Самға, жас түлек! Жалғастыр, жас ұрпақ!»
29 мамыр 2026 10:57
Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Самға, жас түлек! Жалғастыр, жас ұрпақ!» атты соңғы қоңырау мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Биылғы мереке Тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, ерекше маңызға ие болды.
Шара барысында биылғы айтулы даталар да ерекше аталып өтіп, қазақтың зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы дәріптелді. Мерекелік кеште мектеп директоры Гульнара Дусказиева оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге жүрекжарды тілегін арнады.
Сахна төрінде «Тұмар» би ансамблінің «Балауса» биі көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жетігеншілер қазақ әндерінен попурри орындады. Ал 7-сынып оқушылары орындаған «Келіншек» күйі кештің ерекше сәттерінің біріне айналды. Салтанатты кеште 12С сынып оқушысы Айдана Марденова «Жыл оқушысы» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар, «Әмудария» шаңырағы «Үздік жыл шаңырағы – 2026» номинациясының иегері атанды.
Кеш соңында түлектер вальсі орындалып, соңғы қоңырау соғылды. Ал жас түлектердің орындауындағы NIS әнұраны мерекеге ерекше әсер сыйлады. Қанаттарың талмасын, жас түлектер! Болашақтарың жарқын болсын!
Жылдағы дәстүрге сай 7 сынып оқушылары мен ата-аналар мектеп ауласын көркейтуге үлес қосып, раушан гүлдерін отырғызды. Бұл – туған мектебіне деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың белгісі ғана емес, болашақ ұрпаққа қалдырылған әсем естелік.