Жаңалықтар
Жас зияткерлер – ел мақтанышы!
25 тамыз 2026 10:37
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен жас зияткерлермен және олардың ұстаздарымен кездесті.
Президент дарынды оқушыларды жеңістерімен құттықтап, олардың білім мен ғылым жолындағы табандылығы мен еңбегін жоғары бағалады. Кездесуге Ыстанбұлда өткен XXII Халықаралық география олимпиадасының (iGeo 2026) алтын медаль иегері, Қостанайдағы NIS оқушысы Андрей Енбахтов қатысты. Жас зияткер үшін ел Президентімен жүздесу – ерекше мәртебе, ал халықаралық олимпиададағы жеңіс – қажырлы еңбек пен табандылықтың нәтижесі.
Кездесуден кейін олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды халықаралық додаларға дайындаған ұстаздар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен жүздесті. Кездесуде оқушылар Президентпен жүздесуден алған әсерлерімен, ал ұстаздар олимпиадаға дайындық барысы мен жас дарындарды қолдау туралы ойларымен бөлісті. Андрейді және оның жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Алмас Садвакасовты айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз! Ел мерейін асқақтатар жаңа жеңістер тілейміз!