Жаңалықтар
«Ұлт рухы – домбыра үні»
25 қазан 2026 09:56
Республика күніне орай NIS Қостанай оқушыларының дәстүрлі домбырашылар флешмобы биыл KIA Qazaqstan автомобиль зауытында ұйымдастырылды.
Мерекелік «Ұлт рухы – домбыра үні» іс-шарасы барысында оқушылар домбыраның күмбірлеген үні мен ұлттық би арқылы зауыт қызметкерлерін ұлттық өнердің ерекше атмосферасына бөледі. Сонымен қатар қазақ мәдениетінің байлығы мен өзіндік болмысын танытты. Жетігеннің әсем үні мен ұлттық бидің үйлесімі мерекелік шараның сәнін келтіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде домбыраны халқымыздың қастерлі құндылығы әрі әлемге танылатын бірегей ұлттық бренд ретінде дәріптеудің маңызын атап өткен болатын. Бұл бастама ұлттық мәдени мұрамызды сақтап, оны жас ұрпақтың бойына сіңірудің және әлемге танытудың маңыздылығын айқындайды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, домбыра үнін асқақтатқан мерекелік флешмоб Республика күніне ерекше рух пен сән қосып, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық өнерге деген құрметті дәріптеді.