Жаңалықтар
NIS Қостанай оқушысы XIII Халықаралық Иран олимпиадасында топ жарды
06 қараша 2026 10:43
NIS Қостанай оқушысы Игорь Сапрыкин XIII Халықаралық Иран олимпиадасының І дәрежелі дипломын иеленді. Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Игорь Сапрыкин геометрия пәні бойынша өткен XIII Халықаралық Иран олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Олимпиада үш лига бойынша ұйымдастырылады: 7–8, 9–10 және 11–12 сыныптар. Биыл алғаш рет олимпиаданың іріктеу кезеңі өткізілді. Негізгі кезеңге жолдама алу үшін қатысушылар өз лигасы бойынша Қазақстандағы үздік 50 оқушының қатарына енуі қажет болды. Іріктеу кезеңінде Игорь мүмкін болған 20 ұпайдың барлығын жинап, негізгі кезеңге сәтті өтті.
Негізгі кезеңде қатысушыларға геометрия пәні бойынша бес күрделі есеп ұсынылды. Игорь тапсырмаларды сәтті орындап, І дәрежелі дипломға қол жеткізді. Айта кетейік, бұл – Игорьдің аталған олимпиададағы үшінші І дәрежелі дипломы. Ол бұған дейін 2024 және 2025 жылдары да осы байқаудың І дәрежелі дипломын иеленген.
Игорьді және оның жетекшілерін кезекті жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа белестер, толағай табыстар мен халықаралық деңгейдегі жарқын жеңістер тілейміз.