Жаңалықтар
NIS-ке SeoulTech делегациясы келді
23 сәуір 2025 16:48
Сеул Ұлттық ғылым және технология университетінің (SeoulTech) президенті, профессор Донг Хван Ким бастаған делегация Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушыларымен кездесті.
Алдымен қонақтар NIS-тің бірегей білім беру бағдарламасымен танысып, оқушылардың ғылыми жобалары мен өнертабыстарын тамашалады. Сондай-ақ корей тілі үйірмесінің жұмысын көріп, зияткерлерге жан-жақты даму үшін жасалған жағдайларға жоғары баға берді.
Шетелдік мамандар бітіруші сынып оқушыларымен кездесіп, SeoulTech университетінің білім беру бағдарламалары жөнінде ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, олар қабылдау үдерісі мен гранттық мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндады.
Айта кетейік, биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен SeoulTech арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы серіктестік аясында өңірде жасанды интеллект мектебі мен ақпараттық технологиялар саласына бағытталған бизнес-инкубатор ашылды. Қызылордалық студенттер қос дипломды бағдарлама бойынша білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру мүмкіндігіне ие болды.





