logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Мектеп кітапханаларындағы инновациялар

20 мамыр 2025 09:39

Қызылорда қаласындағы NIS-те «Оқушылардың оқу сауаттылығын дамытудағы мектеп кітапханасының инновациялық қызметі» тақырыбында семинар өтті.

Оқыту алаңына Арал ауданы Ж.Әбдірашов атындағы №62, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев атындағы №250,  Жаңақорған ауданы №286, Жалағаш  ауданы №201, Қазалы ауданы №266, Шиелі ауданы №219  тірек мектептері және өңірдегі  жалпы білім беретін білім ордаларының кітапханашылары қатысты.  Олар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған практикалық сабақтарқа қатысып, тәжірибе жинақтады.

Зияткерлік мектеп кітапханасының жұмысын ұйымдастыруға байланысты педагог-кітапханашылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи әдіс-тәсілдерді таныстырды. Қатысушылар өз бетінше әңгіме құрастыруға арналған ойындар, көрнекі қабылдау арқылы жылдам оқуға үйрететін тапсырмалар және әдеби кейіпкерлерді талдауға бағытталған топтық жұмыстар орындады.  

Семинар тәжірибе алмасудың және облыс мектептерінің кітапхана жұмысына инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізудің құнды алаңына айналды.