logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Ұлы дала ақындары: Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығына арналған әдеби кездесу

10 қазан 2025 11:33

Мектеп жатақханасының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті. Биыл ұлы ақынның туғанына 90 жыл толып отыр.

Іс-шара «Ұлы дала ақындары» жобасы аясында өткізіліп, жас ұрпақты әдебиетке баулу мен рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті.

Кешке поэзияны жанына серік еткен оқушылар мен ұстаздар жиналды. Құрметті қонақтар қатарында – Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Дүйсенбек Аяшұлы, сондай-ақ мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күлжахан Өксікбаева болды.

Қонақтар Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерімен бөлісіп, оның қазақ поэзиясына қосқан өлшеусіз үлесін, туындыларындағы терең философиялық ой мен рухани қуатты ерекше атап өтті.

Кеш барысында оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның сөзіне жазылған әндерді орындады. Жас орындаушылардың жүрекпен жеткізген әрбір өлең жолынан туған жерге, тіл мен мәдениетке деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі айқын байқалды.

Мұндай әдеби кездесулер – ұлы тұлғалар мұрасын ұлықтаудың және жас ұрпақтың рухани дүниесін байытудың жарқын үлгісі. Қадыр Мырзалиев поэзиясы – ізгілік пен адалдықтың, отансүйгіштік пен рухани тазалықтың сарқылмас қайнары. Ақын шығармалары жаңа буынды шабыт пен парасатқа жетелей береді.