Жаңалықтар
Қызылордадағы NIS оқушылары «Қызылорда-НАН» кешеніне экскурсия жасады
09 ақпан 2026 11:05
Кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өңірдегі ірі нан-тоқаш өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың бірі – «Қызылорда-Нан» зауытының жұмысымен танысты.
Заманауи өндірістік кешен өткен жылдың қазан айында іске қосылып, жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған және толықтай автоматтандырылған. Мұнда нан, кондитерлік және макарон өнімдерінің кең ассортименті шығарылып, кәсіпорынның өз сауда желісі арқылы, сондай-ақ Қызылорда және Шымкент облыстарындағы дүкендерде сатылады.
Бүгінде кәсіпорында 120-дан астам адам еңбек етеді. Экскурсия барысында оқушылар өндірістік цехтардың жұмысымен танысып, өңірдегі тамақ өнеркәсібінің дамуы және саладағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды.
Компания мамандары оқушылармен кәсіби бағдар беру бағытында кездесу өткізіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен кәсіби өсу жолдары туралы айтып берді. Мұндай кездесулер жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға септігін тигізеді.



