Жаңалықтар
Бірлесіп жоспарлау: оқыту сапасын арттыру жолы
20 ақпан 2026 10:06
Мектебімізде пән бірлестіктердің топ жетекшілеріне арналған «Сабақты бірлесіп жоспарлауды ұйымдастыру» семинары өтті. Шараның басты мақсаты – командалық жұмыс арқылы сабақ сапасын арттыру және педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту.
Семинарды мектеп директоры Акбар Тусупбаев өткізді. Ол белсенді оқыту әдістерін қолдана отырып, бірлесіп жоспарлау үдерісіндегі топ жетекшілерінің рөлі мен жауапкершілігіне тоқталды. Қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, нақты нұсқаулық негізінде сабақ жоспарын әзірлеп, оны бағалау критерийлері арқылы талдады. Сонымен қатар оқу мақсаттарын айқындау, тапсырмаларды саралау және тиімді кері байланыс ұйымдастыру жолдары қарастырылды.
Семинар барысында кәсіби диалог пен өзара тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты. Қатысушылар бірлескен жоспарлау сабақ сапасын арттырумен қатар, мектептегі ортақ кәсіби ортаны нығайтатынын атап өтті.
«Бұл семинардан жоспарлау барысында ынтымақтастық ортаның маңызын, әрбір топ мүшесінің пікірін ескерудің қажеттілігін және оқу мақсатына жетуде тиімді жоспарлаудың рөлін түсіндім. Сондай-ақ топ жұмысын фокуста ұстауда жетелеуші сұрақтардың маңызын өзіме түртіп алдым», – дейді семинарға қатысушы Айгүл Мұханбетқали.