Жаңалықтар
NIS RUN: NIS қауымдастығы отбасылық жүгіруге қатысты
12 қыркүйек 2026 10:32
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Отбасы күніне орай NIS RUN отбасылық жүгіру марафоны өтті. Оған мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар мен олардың отбасы мүшелерінен құралған мыңға жуық адам қатысты.
Қатысушылар Сырдария өзенінің жағалауы бойымен 3 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтіп, спорттық шараны үлкен отбасылық мерекеге айналдырды.
Салауатты өмір салтын қолдағандардың қатарында ата-аналар мен балалар, аға-әпкелер, мұғалімдер мен оқушылар болды. NIS RUN қатысушыларға жақындарымен бірге уақыт өткізіп қана қоймай, өзара қолдау мен белсенді өмір салтын дәріптеуге мүмкіндік берді.
Жарыстың «Ең үлкен отбасы» номинациясында Ақбергеновтер әулеті жеңімпаз атанды. Олар 8 адамнан құралған отбасы болып, жарыс жолына бірге шықты. Бұл – отбасы мүшелерінің өзара қолдауы мен бірлігінің жарқын көрінісі.
Ал NIS RUN-ның ең үлкен жастағы қатысушысы – 73 жастағы Бақытбек Матенов. Оның жарысқа қатысуы шараның ерекше сәттерінің біріне айналып, арнайы номинациямен атап өтілді.
Сонымен қатар спорттық бастаманы белсенді қолдаған мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар да марапатталды.
NIS RUN – спорттық жарыс қана емес, отбасы құндылықтарын дәріптейтін, ұрпақтар сабақтастығы мен өзара қолдауды нығайтатын ортақ алаң. Бір стартқа жиналған мыңға жуық адамның әр қадамы – салауатты өмір салтына, белсенділікке және отбасылық бірлікке жасалған қадам.






