logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

NIS Қызылордада интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары талқыланды

28 қыркүйек 2026 17:32

Сыр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің өкілі Әсем Нәбиеваның қатысуымен профилактикалық кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында цифрлық ортадағы қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпарат беру.

Тақырыптың өзектілігін статистика да көрсетеді. 2026 жылдың сегіз айында Қызылорда облысында интернет-алаяқтықтың 400 дерегі тіркелген.

Кездесу барысында банк және мемлекеттік орган қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу, күмәнді сілтемелер жіберу, заңсыз инвестициялық жобаларға тарту, сондай-ақ интернет арқылы жалған қызметтер ұсыну секілді интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы айтылды. Полиция өкілі жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлеріне, соның ішінде дауыс пен танымал адамдардың бейнесін қолдан жасалатынына да назар аударып, мұқият болуды ұсынды.

Сонымен қатар дропперлік мәселесі талқыланды. Қызметкерлерге банк шоттарын, карталарын немесе оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға заңсыз қаржылық операциялар жүргізу мақсатында беру әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.

Кездесу барысында интернетті қауіпсіз пайдалану бойынша практикалық ұсынымдар берілді.