Жаңалықтар
Арафат – республикалық күй байқауының жеңімпазы
02 қазан 2026 11:37
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Арафат Абдулпаттаев дәстүрлі музыкалық өнерді дәріптеуге арналған республикалық байқауда жүлделі І орын иеленді.
«ADAI» білім орталығы ұйымдастырған «Күй – құдіретті әуез» республикалық сайысқа еліміздің әр өңірінен 1700-ден астам оқушы қатысты. Жас өрендер ұлттық музыкалық мұраны насихаттап, домбыра орындаушылығы бойынша өз шеберліктерін ортаға салды.
Арафат Дәулеткерейдің «Кероғлы» күйін орындап, домбырада ойнау шеберлігімен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде домбыра сабағы оқу бағдарламасына негізгі пән ретінде енгізілген. Мектепке жаңадан қабылданған барлық 7-сынып оқушылары үшін домбыра үйрену сабағы міндетті болып табылады. Ал 8-сыныптан бастап 12-сыныпқа дейін оқушылар домбыра бойынша білімдері мен орындаушылық шеберліктерін арнайы үйірмелерде өз еркімен жалғастыра алады.
