Жаңалықтар
Оқушыларымыз ғылыми жобалар байқауында 11 жүлделі орын иеленді
01 қараша 2026 15:33
Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен желілік ғылыми жобалар байқауында қызылордалық зияткерлер жоғары нәтиже көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша 2 бірінші, 2 екінші және 7 үшінші орын иеленіп, «Ең үздік команда – 2026» номинациясымен марапатталды.
Бірінші орынға екі жоба лайық деп танылды. Ұлбосын Амангелді мен Бегімсұлу Марат «Қазіргі қазақ прозасындағы тарихи тұлға: дерек және көркем реконструкция» тақырыбында зерттеу жүргізіп, қазіргі қазақ прозасындағы тарихи тұлғалардың көркем бейнелену ерекшеліктерін зерделеді. Жоба жетекшілері - М. Дөненхожаева мен Г. Мананбай.
Ал Айшабибі Ерланқызы мен Ғайнижамал Берікқызы QOLDAU AI жобасын ұсынып, ым-ишара тілін тануға және мәтінге аударуға арналған интеллектуалды платформа әзірледі. Жоба есту қабілеті бұзылған адамдардың қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жоба жетекшілері - А. Құрақбаева мен М. Рашитова.
Екінші орын алған жұмыстар жасанды интеллект пен экономика салаларын қамтыды. Аделина Финансова балалардың сөйлеу дағдыларын жекелей талдауға және дамытуға арналған Qadam Speech AI бейімделген жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Жоба жетекшілері - Г. Абдукамалова мен А. Кенесары.
Ару Махамбетова Қазақстан экономикасын әртараптандырудың тұрақты әрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі рөлін зерттеді. Жоба жетекшісі - С. Жайырбаев.
Үшінші орынға медицина, экология, инженерия, астрономия, химия және қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарын қамтитын жеті жоба ие болды.
Әсет Бақытбек Апанқақ шипалы суының бальнеологиялық туризмді дамытудағы әлеуетін бағалап, туристік маршрут әзірледі. Жоба жетекшісі - А. Нурбаева.
Әділет Әбілқасым мен Раяна Азизулла демікпе және өкпенің созылмалы ауруларына шалдыққан науқастарды тыныс алу жаттығулары арқылы оңалтуға арналған ойын элементтері енгізілген жүйе ұсынды. Жоба жетекшісі - А. Науан.
Кәусар Қуанар Аралқұм шаңы мен Марс топырағының үлгісін салыстыра зерттеп, олардың күн панельдерінің бетіне жабысу ерекшеліктері мен электростатикалық тазалау тиімділігін зерделеді. Жоба жетекшілері - А. Құрақбаева мен Н. Мендібаева.
Нұр Таңсықбаев пен Бекнұр Нұрлыбеков ұшқышсыз ұшу аппараттарының қозғалыс бағытын оңтайландыруға және аэродинамикалық модельдеуге арналған интеллектуалды жүйе әзірледі. Жоба жетекшілері - М. Серікбол мен А. Мәлібекова.
Аяулым Тауекел терең оқыту технологияларын қолдана отырып, әлсіз сигналдармен байқалатын, жылдам қозғалатын Жерге жақын астероидтарды анықтау мәселесін зерттеді. Жоба жетекшісі - А. Құрақбаева.
Әсел Мырза мен Бағым Қабыланбек күріш майы негізінде моноглицеридтер синтездеу және олардың биологиялық белсенділігін зерттеу бағытында жұмыс жүргізді. Жоба жетекшісі - Ж. Доскеев.
Жанерке Қуаныш Қызылорда қаласындағы пластик қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа өнім түрлерін алу жобасын ұсынды. Жоба жетекшісі - Б. Ерішев.
Бұл жетістіктер - оқушылардың табанды ізденісі мен ғылыми жетекшілердің кәсіби қолдауының нәтижесі. Ғылыми жобалармен жүйелі жұмыс істеу жас зерттеушілердің сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін және зерттеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

