logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

NIS Cемей оқушылары «INFOMATRIX-ASIA» байқауында жеңімпаз атанды

01 сәуір 2025 11:12

Елордада "INFOMATRIX-ASIA" халықаралық компьютерлік жобалар байқауы өтті. Үш күнге жалғасқан білім бәйгесінде жақын және алыс шетелден келген 600-ге жуық оқушы қатысты.  Дода қатысушылары 9 түрлі секция бойынша: жасанды интеллект бағдарламалау, жасанды интеллект хакатоны, компьютерлік өнер, апараттық басқару жүйелері, қысқаметражды фильмдер, қолданбалы ғылым, Arduino хакатоны, LEGO эстафетасы мен стартап жобалар бойынша күш сынасты.

Азия мемлекеттерінің үздік IT оқушылары басын қосқан бәсекеде Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім алушылары ұсынған инновациялық жобалар да көпшілік назарынан тыс қалмады. AI Hackathon категориясы бойынша Әлемжан Ахметжанов «Recipe Share» жобасымен I орын жеңімпазы атанса, ЖИ көмегімен уақытты тиімді басқаруды мақсат еткен Әмірәли Әмір мен Елдар Мұратұлы «Qoldas» жобасымен II орын иегері атанды.

Қазіргі қарбалас өмірде уақытты тиімді басқару аса маңызды. Осы тұста жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып әр күнімізді дұрыс жоспарлауға, артық жүктемеден сақтануға көмектесетін бірегей күнтізбе мобильдік қосымшасын құрастыруды жөн көрдік.  Бағдарлама адамдардың стресс деңгейін төмендетіп, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті ұстауға көмектеседі деп сенеміз, - дейді «Qoldas» жобасының авторлары.

Ал стартап секциясы бойынша 11 сынып оқушысы Ерасыл Базарбаевтың «math12.studio - your AI-powered math tutor»  жобасы II орынға ие болды. Аталмыш онлайн білім беру платформасы мектеп оқушыларына математика пәні бойынша тапсырмаларды жылдам шешуге, пән бойынша білімдерін кеңейтуге жол ашпақ.

Сондай-ақ семейлік зияткерлерге Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне толық білім беру гранты табысталды.