Жаңалықтар
Оқушылар «Интернат наны» шығармасын «Әлемдік кафе» форматында талқылады
07 сәуір 2025 09:04
«NIS бірге оқиық» жобасы аясында мектебімізде ерекше әдеби сабақ өтті. Бұл жолы оқушылар Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» повесін «Әлемдік кафе» әдісі арқылы жан-жақты талдап, шығарманы басқа қырынан тануға мүмкіндік алды.
Интерактивті викторинадан басталған сабақ оқушыларға шығарма желісін еске түсіріп, негізгі идеялары мен кейіпкерлердің мінезі жайлы білімдерін толықтырды. Одан кейін сынып 15 тақырыптық топқа бөлініп, әр топ өз тақырыбын талқылап, ойларын қағаз бетіне түсіріп отырды. Талқылауға шығарылған негізгі тақырыптар: Алтайдың бейнесі, нанның символдық мәні, достық пен әділет, тәрбиелеушілердің рөлі, қиындыққа төтеп беру, үміт пен естеліктердің маңызы және соғыстан кейінгі кезеңнің шынайы көріністері болды.
Зияткерлер Шерхан Мұртазаның "Интернат наны" атты туындысының әлеуметтік, моральдық және психологиялық мәселелерін тереңірек зерттеп, олардың қазіргі қоғаммен байланысын түсінді. Сонымен қатар, шығармада көтерілген тақырыптар мен кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы оқушылардың өздеріне қажетті өмірлік құндылықтарды игеруге мүмкіндік алуы маңызды болды.
«Әлемдік кафе» әдісінің басты артықшылығы — әр оқушының белсенді қатысуына, өз пікірін білдіруіне, өзгелердің ойын тыңдауына және ұжыммен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру.
Сабақ соңында оқушылар ортақ талқылау жасап, ой-пікірлерімен бөлісті. Кері байланыс уақытында көптеген оқушы шығарманың жүрекке терең әсер еткенін, Алтайдың тағдыры мен достарының шынайы бейнесі ой салғанын атап өтті.
Аталмыш басқосулар арқылы жасөспірімдер тек әдеби шығарма талдап қана қоймай, өмірлік сабақ алып, ата-анамен рухани байланыс орнатуға мүмкіндік бермек.