Жаңалықтар
Қалалық TEDx конференциясы өтті
07 сәуір 2025 15:11
Мектебімізде TEDх клубының қалалық конференциясы өтті. Abai IT school, Экономикалық лицей, №6 гимназия, №22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі мен білім ордамыздың шәкірттері қатысты.
Конференцияның негізгі тақырыптары әртүрлі маңызды әлеуметтік және моральдық мәселелерді қамтыды. Олар TED x сахнасында «Лукизмге қарсы күресу үшін қоғамның ойын қалай өзгерту керек?», «Сыртқы келбет немесе қабілет: табыс жолында қайсысы басымдырақ?», «Ащы шындық немесе тәтті өтірік», «Эгоизм мен альтруизм», «Жасанды интеллект табысқа жетудің құралы ма, әлде адамзат үшін қауіпті ме?» тақырыптары бойынша ұтымды пікірлерімен бөлісіп, сауалдарға жан-жақты жауап іздеді.
Аталмыш конференциядағы әр баяндама болашақ көшбасшыларымыздың жаңа креативті ойларын, азаматтық белсенділіктері мен шығармашылық ойлау қабілеттерін жаңа қырынан көрсетті. Түрлі пікір, қисынды сөз бен ұтым ой білдірген мектебіміздің 9-сынып оқушысы Бірғаным Төлеубекова «Ең үздік спикер» атанды.
Әр қатысушы өзін еркін сезініп, көзқарастарын ашық білдіру үшін тәуелсіз пікір алаңын ұйымдастырған мектебіміздің оқушылары - Рада Кенчебаева, Каролина Костерина, Жалғас Тольтаев және жоба кординаторы Нұржан Касимова.
Бұл конференция тек білім мен пікір алмасу алаңы ғана емес, жас ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, жаңа идеялармен әлемді жақсартуға деген құлшынысын оятатын маңызды қадам болды.