Жаңалықтар
Ерлікке тағзым: зияткерлер ардагерлермен жүздесті
06 мамыр 2025 18:00
лы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Абыралы»,«Би Боранбай», «Қарағайлы», «Елімай», «Қоңыр әулие», «Алтай», «Шыңғыстау», және «Орда» шаңырақтары соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Шәкірттер Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Шевцов пен тыл еңбеккерлері Зиновия Исакова, Надежда Каменская, Мерхатим Валеев, Нина Гузенко, Людмила Саурина, Руфина Смирнованың шаңырағына арнайы барып, сый-сияпаттарымен шағын концерттік тарту жасады. Кездесу барысында жас өнерпаздар домбыраның қоңыр үнімен күй төгіп, кеңес заманындағы патриоттық рухтағы «Катюша» әнін ардагерлермен бірге шырқады.
Ардагерлер мен зияткерлер арасындағы әңгіме майдан даласынан басталып, бүгінгі бейбіт өмірге дейін жалғасты. Зияткерлермен естеліктерімен бөліскен ардагерлердің бірі - Иван Шевцов. Ол небәрі 18 жасында майданға аттанып, Польша мен Чехославакияны азат ету жолында жанқиярлықпен шайқасқан. Елі үшін еткен еңбегі мен төккен тері лайықты бағасын тауып, II дәрежелі Отан соғысы ордені, Қызыл Жұлдыз ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қарт жауынгерлер жас буынға ақ баталарын беріп, елімізге бейбіт өмір мен береке тіледі. Ардагерлермен болған бұл рухани кездесуден кейін оқушылар ел мен жердің, тыныш өмірдің қадірін тереңірек ұғынды.
Тарих – ұмытылмас. Ерлік – мәңгілік. Ұрпақтар үндестігі осындай тағылымды кездесулер арқылы жалғасын таба бермек.