Жаңалықтар
KiVa бағдарламасы: Тірек мектептерде қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қалыптастыру
15 тамыз 2025 17:00
12–15 тамыз аралығында Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі тірек мектептердің ұстаздарына арналған буллингке қарсы KiVa бағдарламасы бойынша оқыту семинарын ұйымдастырды.
Төрт күнге жалғасқан тренингке Абай ауданындағы Қарауыл гимназиясы, Бесқарағай ауданындағы Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектеп, Бородулиха ауданындағы Ә. Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебі мен Көкпекті ауданындағы Шайжүнісов атындағы орта мектептің педагогтері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар KiVa әдістемесінің негізгі ұстанымдарын, мектепішілік жағдайға бейімдеу жолдарын және сыныптағы буллингтің алдын алуға бағытталған тиімді іс-қимылдармен танысты. Теориялық білім тәжірибелік тапсырмалармен ұштастырылып, финдік бағдарламаның құралдарын қолдану жолдары талқыланды. Сонымен қатар, педагогтер өзара тәжірибе алмасып, нақты жағдаяттарды талдау арқылы ортақ шешімдер әзірлеуге мүмкіндік алды.
Оқыту жұмыстарын KiVa бағдарламасы бойынша арнайы сертификатталған тәжірибелі мамандар Айжан Ахметова мен Күләш Найманова жүргізді.