logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Ұстаз - мектептің жүрегі

02 қазан 2025 17:28

Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ұстаздар күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Игі дәстүр бойынша таңертеңнен 12-сынып түлектері ұстаздарын ілтипатпен қарсы алып, мектеп қабырғасын мерекелік көңіл-күйге бөледі. Күні бойы шәкірт пен ата-ана ықыласына кенелген ардақты ұстаздар түстен кейін ұйымдастырылған салтанатты жиынның қадірлі қонағы болды.

Мектеп директоры Ербол Қайнарбаев құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздықтың асыл болмысына тоқталды. Ол жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, тәрбие мен парасат дәнін еккен педагогтердің еңбегін ерекше бағалап, бірқатар ұстаздарға Алғыс хат табыстады.

Мерекелік концертте зияткерлер өз өнерлерін арнап, ұстаздарға деген шынайы ықыласын ән мен би, сахналық көріністер арқылы жеткізді. Әрбір қойылымнан ұстазға деген ыстық алғыс пен шексіз құрмет көрінді.

Бұл күні ата-аналар қауымы да мерекенің ажарын кіргізіп, жүрекжарды тілектерін жолдады. Ұстаздарға арнап әсем ән шырқап, мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Ұстаз – жас ұрпақтың бойына білім нұрын құйып қана қоймай, олардың жүрегіне ізгілік пен мейірім дәнін себетін ұлы тұлға. NIS Семейдегі мерекелік күн ұстаздың қоғамдағы биік мәртебесін тағы бір дәлелдеді.

 

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-