Жаңалықтар
Ауыл мен қала мектебі арасындағы білім алшақтығын азайтуға бағытталған әдістемелік қолдау жалғасады
11 желтоқсан 2025 14:00
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары Абай облысындағы тірек мектептермен тығыз әдістемелік серіктестік орнату арқылы қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, мұғалімдердің кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. NIS командасы бұл жолы Жаңасемей мен Бесқарағай аудандарындағы тірек мектептеріне ат басын бұрды.
Айта кетерлігі, биыл бекітілген тірек мектептер саны тағы төрт білім ордасымен толықты. Солардың бірі – Жаңасемей ауданындағы А.Ибраев атындағы жалпы орта мектебі. Алғашқы сапар барысында білікті мамандарымыз сабақтарға қатысып, мұғалімдердің жұмысын бақылады. Бұл жұмыс олардың кәсіби қажеттіліктерін анықтауға зор мүмкіндік берді. Алдағы 3 жылда мектеп ұстаздары кезең-кезеңімен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік тәжірибелерін меңгеріп, ауыл балаларын озық бағдарламалар негізінде оқытпақ.
Бесқарағайдағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп мұғалімдеріне ұстаздарымыз зертханалық құрал-жабдықтарды тиімді қолдануды, оны оқу үдерісіне кіріктірудің заманауи тәсілдерін көрсетті. Мұнымен қатар, цифрлық ресурстардың қолданылуын үйрету ерекше назарға алынды.
Жоспарланған жұмыстардың барлығы өңірдегі білім сапасын теңестіруге, елді мекендерде тұратын қаракөздердің білім деңгейін қалалық балалардың білімімен теңестіруге күш салмақ.