logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Қайырымдылық күні: оқушылар «4 лапы» панажайына көмек көрсетті

20 наурыз 2026 17:30

Ұлыстың ұлы күні Наурыз қарсаңында елімізде кең көлемде өтіп жатқан Наурызнама онкүндігі мектебімізде де ерекше серпінмен жалғасып жатыр. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ізгілік пен мейірімділікті насихаттауға бағытталған бұл бастама аясында оқушылар түрлі қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысуда.

Осы ретте Қасқабұлақ және Елім-ай шаңырақтарының оқушылары педагог-ұйымдастырушы-кураторларымен бірге «4 лапы» қоғамдық қорына арнайы барып, қиын жағдайға тап болған иттер мен мысықтарға көмек көрсетті. Іс-шара барысында зияткерлер жануарларға қажетті керек-жарақтар апарып, олардың күтімімен танысты.

Қайырымдылық сапары оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Олар жауапкершілік пен жанашырлықтың маңызын түсініп, тіршілік иелеріне қамқор болудың адамгершілік парыз екенін сезінді. Сонымен қатар, қор қызметкерлері жануарларды күту, қорғау және оларға дұрыс қарау туралы пайдалы ақпараттармен бөлісті.

Мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың бойында мейірімділік, қамқорлық және әлеуметтік жауапкершілік сынды құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді. Наурызнама онкүндігі аясындағы бұл бастама да оқушылардың қоғамға пайдалы іс жасауға деген ынтасын арттыра түсті.