Жаңалықтар
Халықаралық ашық шығармашылық конкурста cемейлік ұстаздар жүлдегер атанды
20 қаңтар 2025 15:30
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ ұжымы биыл 7 мәрте математика, физика және информатика пәні мұғалімдері мен олимпиадалық резерв жаттықтырушыларына арналған IMPACT Olympiad VII Халықаралық ашық шығармашылық байқауын ұйымдастырды.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен және басқа елдерден келген мыңға жуық кәсіби құзыреттерді оңтайлы меңгерген шығармашыл, білікті мұғалімдер мен жаттықтырушылар қатарында Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары да бақ сынап, үздік үштікке енді. Математика пәнінің ұстаздары Нұрғазы Тұрсынғазин мен Ербол Жылкыбаев жүлделі II орын жеңімпазы атанса, информатика пәнінің мұғалімі Адиль Алимбаев III орын иеленді.
Аталмыш олимпиадаға екінші мәрте қатысудамын. Себебі, шығармашылық байқау біліктілігімізді сынап қана қоймай, мұғалімдер мен жаттықтырушылар арасында тәжірибе алмасуға, озық әдістемелер мен тәсілдерді көрсетуге мүмкіндік беретін алаң. Білімді оқушы тәрбиелеу үшін ең алдымен ұстаз үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, әрқашан даму жолында болу керек деп есептеймін, - деп атап өтті Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы Нұрғазы Тұрсынғазин.