Жаңалықтар
Семейдегі NIS пен Үнді мектебінің арасындағы әдеби пікірталас
19 ақпан 2025 17:00
Бүгін мектеп оқушылары мен Үндістандық PM SHRI KV Канжикоде мектебінің білім алушылары арасында мәдениетаралық әдеби пікірталас өтті. Іс-шара аясында еліміздің ең көне батырлық ертегілерінің бірі «Ер Төстік» пен Үндістанның мәдени дәстүрін бейнелейтін "Панчатантра" шығармасы талқыланды.
Кездесу шымылдығы қос тараптың мектептері туралы әзірлеген шағын таныстырылымымен ашылып, зияткерлердің «Ер Төстік» ертегісі туралы баяндамасымен жалғасты. Шығарма сюжеті арқылы шетелдік достарына ежелгі қазақ халқының мифтік танымын, ырымдары мен әдет-ғұрыптары жайлы кеңірек ақпарат таратты. Үнді оқушылары да өз кезегінде "Панчатантра" туындысының мағынасы мен мемлекеттерінің сан ғасырлық тарихына арналған әдіби мұраларымен бөлісті.
Талқылау барысында оқушылар екі халықтың мәдениетіне тән маңызды құндылықтар мен моральдық сабақтарды ортаға салып, өзара пікір алмасып, әдебиет арқылы мәдениетаралық байланыстарды нығайтты. Мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты арттырып, әртүрлі елдердің әдебиеттері мен дәстүрлерін тереңірек түсінуге мүмкіндік бермек.