Жаңалықтар
«Сәт сапар, жас түлек!» — NIS Shymkent түлектеріне арналған соңғы қоңырау өтті
29 мамыр 2026 12:22
Бүгін Шымкент қаласы Абай ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 155 түлегі алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
Салтанатты шара барысында мектеп ұжымы мен ата-аналар түлектерге ақ жол тілеп, олардың жылдар бойы жеткен жетістіктерін ерекше атап өтті.
Құрметті түлектер!
Сіздер мектеп қабырғасында тек білім алып қана қойған жоқсыздар. Ізденуді, жауапкершілікті, көшбасшылықты және елге қызмет етуді үйрендіңіздер. Зияткерлік мектепте алған білім мен тәжірибе сіздерді болашақтың бәсекеге қабілетті азаматы ретінде қалыптастырды.
Биыл мектебіміздің оқушылары республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен робототехника жарыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп, халықаралық білім кеңістігінде де өз жетістіктерімен танылды.
Бүгінде мектебіміз түлектерінің 95%-ы мемлекеттік және шетелдік грант иегері атанып келеді. SAT бойынша орташа көрсеткіш — 1500, IELTS нәтижесі — 7.5. Бұл — ұстаздардың қажырлы еңбегі мен оқушылардың табандылығының айқын нәтижесі.
13 жылдық тарихы бар мектебіміз көптеген дарынды шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Енді сол үлкен үміт пен сенім бүгінгі түлектерге табысталып отыр.
Қымбатты түлектер,
Алдағы өмір жолдарыңыз ашық, армандарыңыз асқақ болсын!
Сәт сапар, жас түлек!