Жаңалықтар
🌱«Туған елге тағзым – 2025» экспедициясы басталды!
18 маусым 2025 15:00
Бүгін Тараз қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2025 жылғы 9–13 маусым аралығында өтетін «Туған елге тағзым» республикалық өлкетану-зерттеу экспедициясы ресми түрде бастау алды.
Экспедицияға еліміздің төрт өңірінен – Талдықорған, Көкшетау,Павлодар және Ақтау қалаларынан келген оқушылар мен жетекшілер қатысуда.
Жоба аясында қатысушылар Жамбыл облысы мен Тараз қаласының тарихи, мәдени және өндірістік нысандарына экскурсия жасап, еліміздің киелі географиясына енген қасиетті орындар мен мәдени ескерткіштерді зерттейді. Бұл олардың туған өлкеге деген танымын тереңдетіп, зерттеушілік дағдыларын дамытуға септігін тигізеді.
Таңертең мектебімізде жоба қатысушыларына арнап салтанатты ашылу шарасы өтті. Шара барысында қонақтарға Тараз қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі таныстырылды. Сонымен қатар, ән-биге толы өнер бағдарламасы ұсынылып, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған көріністер қойылды және өлеңдер оқылды. Жоба аясында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Туған елге тағзым – 2025» бағыттары таныстырылды.
Экспедицияның алғашқы күні қатысушылар көне Тараз шаһарының тарихи-мәдени ескерткіштерін аралаудан бастады. Атап айтқанда:
• Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш;
• Айша бибі кесенесі;
• Бабаджа қатын кесенесі;
• Қарахан кесенесі;
• Шахристан тарихи-мәдени кешені;
• Тектұрмас тарихи кешені.