Жаңалықтар
🌱KiVa халықаралық бағдарламасы аясында Таразда оқыту семинары өтті
15 тамыз 2025 10:53
12–15 тамыз аралығында Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Жамбыл облысының тірек мектептері қызметкерлеріне арналған буллингтің алдын алу бойынша KiVa халықаралық бағдарламасы аясында оқыту семинары ұйымдастырылды.
Финляндияның Турку университетінде әзірленген KiVa бағдарламасы мектеп оқушылары арасындағы буллингке қарсы күрестің әлемдегі ең тиімді әдістерінің бірі ретінде танылған.
Төрт күндік семинар барысында қатысушылар бағдарламаның теориялық негіздерімен танысып, оның негізгі қағидалары мен мектеп ортасына бейімдеу мүмкіндіктерін талқылады. Оқыту соңында тыңдаушылар KiVa сертификаттарын алып, енді өз мектептерінде бағдарламаны жүзеге асыруға кіріседі.
Семинар дәрістер мен тәжірибелік сабақтарды қамтыды. Педагогтер буллингтің алдын алудың тиімді тәсілдерін қарастырып, финдік бағдарламаның құралдарын күнделікті тәжірибеде қолдану жолдарын үйренді. Сондай-ақ қатысушылар тәжірибе алмасып, нақты жағдайларды талдап, оңтайлы шешімдер әзірледі.