Жаңалықтар
🌱1 қыркүйек – Білім күні
01 қыркүйек 2026 10:26
«Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі»
1 қыркүйек – жаңа оқу жылының басталуын айшықтайтын ерекше күн. Биылғы Білім күні мектебімізде «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбына арналды.
Іс-шара барысында Конституция құндылықтары, туған жерге сүйіспеншілік және қоршаған ортаға жауапкершілік туралы ой қозғалып, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы атап өтілді.
Мерекелік шараның сәнін 7-сынып оқушыларының әсерлі флешмобы келтіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал мектебіміздің өнерлі оқушылары домбырамен «Балбырауын» күйін орындап, ұлттық өнеріміздің әсемдігін паш етті. Сонымен қатар, «Туған жер» әні шырқалып, патриоттық рухты көтерді.
Салтанатты жиын барысында мектебіміздің мақтанышы, Regeneron ISEF халықаралық ғылыми байқауында қатерлі ісікті жасанды интеллект көмегімен анықтауға бағытталған ғылыми жобасымен халықаралық деңгейде танылған оқушымыз Арнұр Артықбайдың жетістігі ерекше аталып өтті.
Еске саламыз, Арнұр ISEF Mawhiba арнайы сыйлығының І орын иегері атанып, King Fahd University of Petroleum and Minerals (KFUPM) университетінің толық грантын және 400 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты жеңіп алды.
Жас зерттеушіні осы биік жетістікке дайындаған физика пәнінің мұғалімі Джусанбаев Мирлан Төлегенұлы арнайы марапатталды.
✨ Жаңа оқу жылы жаңа мүмкіндіктерге, биік мақсаттар мен жарқын жетістіктерге толы болсын!
Білім күні құтты болсын! 🇰🇿📚