
Жаңалықтар
ОРАЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ «ҮЗДІК МҰҒАЛІМ - 2025» БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

06 наурыз 2025 12:41
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, озық тәжірибені насихаттау және білім беру сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік мұғалім – 2025» байқауы өз мәресіне жетті.
Бұл байқау – заманауи педагогика талаптарына сай, шығармашылық ізденісте жүрген ұстаздардың еңбегін бағалайтын маңызды алаң. Байқауға мектептің үздік педагогтері қатысып, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін, жаңашыл әдіс-тәсілдерді меңгеру деңгейін және оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату дағдыларын ортаға салды.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар сабақты жоспарлау, оқыту әдістерін тиімді қолдану, білім алушылардың қызығушылығын арттыру, заманауи технологияларды ықпалдастыру және білім берудегі шеберліктерін көрсетті. Әділқазылар алқасы мұғалімдердің педагогикалық дағдыларын, кәсіби біліктілігін, шығармашылық әлеуетін және инновациялық көзқарасын бағалай отырып, үздіктерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша информатика пәнінің мұғалімі Саугабеков Канатбек Умирбекович III орынға ие болса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мунбаев Сакен Ханатович II дәрежелі дипломмен марапатталды. Физика пәнінің мұғалімі Демеугалиева Гулдана Тлековна I орынға ие болды. Бас жүлде иегері тарих пәнінің мұғалімі Мағзомов Тұрақ Жанболатұлы «Үздік мұғалім – 2025» атағын жеңіп алып, өзінің жоғары кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жеңіс – оның қажырлы еңбегі мен білім беру үдерісіне қосқан елеулі үлесінің жемісі.