«100 КІТАП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «СІЗДЕРМЕН БІРГЕ ЖАҚСЫ КІТАППЕН ЖАҢА ӘЛЕМ АШАЙЫҚ» АТТЫ КУРАТОРЛЫҚ САҒАТ ӨТТІ.

02 наурыз 2024 17:16

22 ақпан күні 12-сынып оқушыларымен «100 кітап» жобасы аясында «Сіздермен бірге жақсы кітаппен жаңа әлемдер ашайық» атты кураторлық сағаты өтті. Жас оқырмандар «100 кітап» тізімінен сүйікті туындаларын таңдап, презентациялар дайындап, осы шығармаларды оқығаннан кейін алған әсерлерімен бөлісті. Ең алдымен куратор Эшчанова Зита Раджабовна өзінің сүйікті кітабы - Дэниель Кизаның «Элджернонға арналған гүлдер» атты ғылыми-фантастикалық әңгімесінің сюжет желісі туралы сөз қозғады. Әрі қарай сөз тізгінін оқушылар Мұхаметқали Дина, Бугыбаева Дамира, Атпай Айзере, Ахмет Аяулым, Алишева Салтанат және Қазбек Алуа алып, ағылшын жазушысы Дуглас Адамстың «Автостопом по Галактике» әзіл-сықақ фантастикалық романын, Джек Лондонның «Мартин Иден» өмірбаяндық романын, Виктор Астафьевтің «Фотография, на которой меня нет» атты өмірбаяндық әңгімесін, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романын, Джордж Оруэллдың «1984» дистопиялық романын, Дулат Исабековтың «Әпке» драмасын талдап, алған әсерлерін жеткізді. Әр баяндаманың соңында оқушылар әр кітап туралы өз пікірлерімен бөлісіп, дауыс берді. Яғни, олардың кітабы қызығушылық тудырды ма? Әлде оны жақын арада оқиды ма? Айта кету керек, осындай іс-шаралар балалардың оқу сауаттылығын және оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.