Виртуалды мектептің жұмыс кестесі

Виртуалды мектеп – 5 және 6-сынып оқушыларын «Өркен» білім беру гранты бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныбында оқуға конкурстық іріктеуге дайындайтын тегін білім беру платформасы.

Виртуалды мектеп «Математика», «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» пәндері бойынша оқудан өтуге, өткен тақырыптарды бекітуге арналған тапсырмаларды орындауға және онлайн форматында қашықтықтан қорытынды тест тапсыруға мүмкіндік береді. Қорытынды тестілеу бойынша ең жоғары балдың 50 немесе одан жоғары пайызын жинаған оқушылар Зияткерлік мектептер базасында өтетін күндізгі сабақтар және конкурстық іріктеу тестілеуінің бейіндік пәндері бойынша кеңес алуға Каникулярлық мектепке шақырылады.

Виртуалды және Каникулярлық мектептерде оқу оқушыларға Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге дайындықты бастауға, оқудың тиімділігін арттыруға, қажетті дағдыларын шыңдауға және оқуға ынталарын арттыруға көмектеседі.

📌 Виртуалды мектептің жұмыс кестесі:
1) Оқушыларды тіркеу: 2024 жылғы 07 қазаннан 18 желтоқсанға дейін,
2) Пәндер бойынша оқыту, тест тапсырмаларын орындау; 2024 жылғы 21 қазаннан 18 желтоқсанға дейін,
3) Қорытынды тестілеуден өту: 2024 жылғы 09-18 желтоқсан аралығында.

Тіркелу үшін vs.nis.edu.kz сайтына өтіп, «Кіру/Тіркелу» батырмасын басу керек. «Тіркеулік жазба құруды» таңдап, қажетті деректерді толтырыңыз, содан кейін «Сақтау» батырмасын басыңыз. Тіркеу бойынша толық ақпарат басты беттегі «Нұсқаулық» бөлімінде орналасқан.