- /
- Новости /
Асылхан Қали: Күш – бірлікте, күш – сені қоршайтын адамдарда...
13 маусым 2024 16:36
Тағы бір түлегіміз, 12-сынып оқушысы Асылхан Қали «New York University Abu Dhabi» оқу орнына қабылданды. Ол таңдауын «Компьютерлік инженерия» мамандығына тоқтатты. NYUAD – БАӘ астанасы Абу-Дабидегі жекеменшік университет, 1831 жылы құрылған беделді Нью-Йорк университетінің үш кампусының бірі.
Асылханның аталған оқу орнынан бөлек, өзге гранттары мен жоғары жетістіктері бар. Солардың бір қатарына тоқталып өтейік. Ол 2022-2023 оқу жылының нәтижесі бойынша «Үздік оқушы атанды». Дәл осы оқу жылында «NURIS Hardware Challenge 2.0» стартаптар байқауында жүлделі 3-орынға ие болып, Орталық Азиядағы «ABC x TCA 5.0» ең үздік бизнес акселераторының ТОП-5 түлектерінің қатарына кірді. Сондай-ақ АҚШ-та жыл сайын өтетін «Regeneron International Science and Engineering Fair» ғылыми жобалардың халықаралық байқауының ақтық кезеңіне дейін жетті.
Зияткер өз жобасымен «AITU Smart City Challenge» байқауына қатысып, 1-орын мен Астана IT университетінің грантын жеңіп алды. «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауында 1-орын мен «Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің» толық шәкіртақысын иеленді. «Samsung Innovation Campus» Хакатонында күміс жүлде мен «Jetisu startup challenge»-дегі 1-орын да Асылханның қоржынында. Бұндай жетістіктерге оқушымыз өзінің табандылығы мен терең ізденісінің, ғылым мен білімге құштарлығының арқасында жетті.
Асылхан «Күш – бірлікте, күш – сені қоршайтын адамдарда, күш – саған сенім артатын, қолдайтын адамдарда», - дейді. Содан болар зияткер айналасына білімді, талапты оқушыларды топтастыра алып, «Aq Zhol жүргізушінің жағдайы мен мінез-құлқын бақылау жүйесі бар екі камералы бейнетіркегіш» жобасының негізін қалап, көшбасшысы атанды. Астана, Семей, Көкшетау қалаларының озық ойлы оқушыларын біріктірген «Temirqazyq» ұйымы жетекшілерінің бірі болды. Көшбасшылық қабілеттерінің арқасында Асылхан 130 студенттен құралған халықаралық команданы да басқарды. Жоғары оқу орнында ол аталған жобасын жетілдіруге ниетті екенін жеткізді:
- Мен суперкомпьютерлерді қолдана отырып, жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Себебі бұл университеттегі суперкомпьютерлер – БАӘ-дегі ең үздік құрылғылар. Мен Шанхай мен Нью-Йорк қалаларындағы кампустарда да академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы оқып, NYU желісіндегі Yann Lecunn сияқты майталман мамандармен бірлескен зерттеулер жасап, жасанды интеллект саласындағы дағдыларымды нығайтуды көздеп отырмын, - деп түйіндеді сөзін Асылхан.
Зияткер IT саласындағы алпауыттарда тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтап, Парсы шығанағы елдерінің мәдениетімен таныспақ.