- /
- Новости /
Сыңғырла, соңғы қоңырау!
06 ақпан 2024 14:44
Бүгін Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау соғылды. 62 түлек 12 жыл бойы білім алған оқу ордасымен қоштасып, жаңа өмірге қадам басты. Ал 52 5-сынып оқушысы бастауыш мектепті тәмамдады.
Салтанатты жиында әсем ән мен күмбірлеген күй орындалып, мектеп қонақтары мен ата-аналардың атынан ізгі тілектер мен жылы лебіздер айтылды. Ұстаздар талапты шәкірттеріне, зияткерлер сүйікті мұғалімдеріне алғыс білдірді. Бастауыш сынып оқушылары негізгі буынға көшіп, түлектер алтын ұя мектептерімен қоштасты.
Мектеп директоры Шырын Жұмабекова түлектерге сәт сапар тілеп, жылы лебізін білдірді. Ал 5-сынып оқушыларын келесі оқу жылында қуана қарсы алатынын жеткізді. Айта кетейік, бұл Көкшетаудағы NIS тарихындағы соңғы 5-сынып оқушылары.
Аталған оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын емел» шаңырағы тағы бір мәрте «Үздік шаңырақ» жүлдесіне ие болды. Шаңырақтың педагог-ұйымдастырушы-кураторы Назгүл Амерханова. Ал 10-сынып оқушысы Аружан Жәнібек ғылым мен білімде жеткен жетістіктері үшін «Жылдың үздік оқушысы» атанды.
Салтанатты шара, дәстүр бойынша, 2023-2024 жыл түлектерінің Назарбаев Зияткерлік мектептері әнұранын шырқауымен аяқталды. Әуелете шырқалған ән мектеп қауымдастығын, зияткерлер мен ата-аналарды, оқушыларды тебірентті.