- /
- Новости /
Дәстүрлі қайырымдылық балы өтті
26 сәуір 2024 01:02
Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 жылдығына орай, қаламыздағы сән-салтанаты жарасқан ғимараттардың бірі – Жастар сарайында қайырымдылық «Вена балы» ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – церебральды сал ауруы диагнозы қойылған бүлдіршін Төлеген Айзере Ерболқызына қайырымдылық қолдау көрсету. Сондай-ақ, мектеп қоғамдастығының шығармашылық әлеуетін дамыту бағыты да назардан тыс қалмады.
Қайырымдылық шарасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гульбану Абдулина, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының бас әкімшісі Базаркуль Арыстанбекова, «Үміт-Надежда» ҚБ төрағасының орынбасары, пара-биден Қазақстанның 7 дүркін чемпионы Аруна Жаксагулова және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Арыстан Құрманов арнайы қатысты.
Жастар сарайының жарық залында орналасқан стендтерде Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі еріктілерінің «Қоғамға қызмет ету» жобасын іске асыру аясында атқарған жұмыстарынан фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды.
«Вена балы» қайырымдылық іс-шарасының аукционына «Тобыл» клубы футболшыларының жеке қолтаңбасы қойылған футболкасы мен добы табысталды. Белгілі қостанайлық суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Вадим Быков та аукционға «Узункольский район» атты суретін, ал танымал суретші Татьяна Баринова «Малышка», «Тишина» деп аталатын суреттерін, суретші Надежда Яковлева да «Мерцание» және «Летнее утро» деген екі суретін ұсынды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да тысқары қалмады. 9 «Е» сынып оқушысы София Цхай «Лавандовое поле» және «Молния» деген суреттерін, мектеп түлектері Мадина Лекерова, Рустам Жуматов, Айя Шаяхметова топтық шығармашылық жұмысы – «Горная река» суретін аукционға табыстады.
Сонымен қатар, қолөнерші Айдын Диханбаев та қайырымдылық шарасына былғарыдан жасалған бұйымдарын қоюды жөн көрді. Қайырымдылық іс-шарасын дирижер Тарас Мызиннің басқаруымен Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының камералық оркестрі өнер көрсетті. Мектеп ұстаздары мен оқушыларынан құралған 75 жұптың кереметтей вальсы көрермендерді бей-жай қалдырмады.
Қайырымдылық шарасына, соынмен қатар, Б.Момышұлы атындағы №5 ЖББ кадет мектебінің «Фламинго» би ансамблі де арнайы номер дайындап әкелді. Жүргізілген аукцион нәтижесінде жалпы сомасы 523 500 мың теңге қаражат жиналып, Айзереге табысталды.