- /
- Новости /
“Тұғыры биік, алтын ұя мектебім”
01 қыркүйек 2024 17:16
Жаңа оқу жылы алғашқы қоңыраудан басталды. Бүгін Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа 2024-2025 оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды.
Жаңа оқу жылында конкурстық іріктеуден жоғары білім деңгейін көрсеткен және “Өркен” білім грантының иегерлері болған 160 жетінші сынып оқушысы бар. 10 жылдық тарихы бар мектебіміз үшін бұл ерекше оқиға, өйткені биылғы жылда 7-сыныпқа қабылданған бала саны рекордтық деңгей көрсетті. Жаңадан қабылданғандардың қатарында 5-сыныпқа қадам басып отырған 10 оқушы Назарбаев Зияткерлік мектептің табалдырығын аттады.
Мерекелік бағдарламада «Тұмар» би ансамблі мен «Менің алтын ұя мектебім!» әнімен республикалық және халықаралық шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары «Hard Chord» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетті.
“Тәуелсіздік ұрпақтары” облыстық стартап-жобалар конкурсында жеңіске жеткен 12 “D” сынып оқушысы Әділхан Тубулбаев және конкурстық іріктеуде ең жоғары балл жинаған 7 “А” сынып оқушысы Нұрсая Сандибек білім күніне арналған мерекелік іс-шараның алғашқы қоңырау соғу рәсімін жүргізді.
Іс-шара 7 сынып оқушыларының салтанатты ант беруімен жалғасты, қатысушылар мен көрермендер ерекше ықыласпен оқушыларға қошемет көрсетті. Салтанатты жиыннан кейін мектеп сыныптарында Шаңырақ сағаттары өтті.
2024 жыл біздің мектеп үшін ерекше жыл болды. Биыл мектебіміздің 10 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осы онжылдықта біздің білім беру кемесі талай сынақтардан өтіп, көптеген жеңістерге қол жеткізіп, сенімді түрде алға жылжыды.
Біздің оқушылар мен мұғалімдер мектептің елдегі жетекші оқу орындарының бірі ретінде қалыптасуына септігін тигізіп, кәсіби және шығармашылық жетістіктеріне жетуге ықпал етті. Бұл мерейтой біздің бірлігімізді, табандылығымызды және білімге деген ұмтылысымызды білдіреді. Осы айтулы жылы біз өткен жолға мақтанышпен қараймыз және болашақтағы жаңа белестерге әрекет етеміз.