Әріптестік қолдау: түркістандық NIS ұжымы сырбойылық әріптестерден тәжірибе жинақтады

14 ақпан 2024 14:33

Түркістан қаласындағы Зияткерлік мектеп педагогтері Қызылордадағы NIS-те болып, тағылымдамадан өтті.

Киелі шаһардан келген бір топ ұстаздар алдымен мектепті аралап, материалдық-техникалық базасымен және оқушылар үшін қолайлы орта құру ерекшеліктерімен танысты.

Әрі қарай делегация олимпиада және ғылыми жобаға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру, сыртқы жиынтық бағалау жүргізудің тиімді жолдары, сабақты ұтымды жоспарлау, өзара сабаққа қатысу және кері байланыс беру бойынша қызылордалық педагогтердің шеберлік-сыныптарына қатысып, біліктіліктерін арттырды.

Сондай-ақ тағылымдамашылар саралап оқытудың қағидаттарын сабақ үдерісінде қолданудың тиімді жолдары аясында тәжірибе алмасып, өзара талқылау жүргізді. Химия, физика, қазақ тілі пәндері бойынша ашық сабақтарға қатысып, педагогикалық қоржындарын толықтырды.
Әдістемелік бірлестіктердің құжаттарын рәсімдеу бойынша да жас ұстаздарға әріптестік қолдау көрсетіліп, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берілді.