- /
- Новости /
Баталы сөз – балаға азық
18 наурыз 2024 15:35
Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте ата-әжелер арасында «Баталы сөз – балаға азық» бата беру байқауы өтті.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында бастау алған шараның шымылдығын Абай ауылынан келген «Ақ ниетті» әжелер ансамблі ашты. Ақ жаулықтылар ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртып, халық әндерін насихаттап келеді. Биыл 10 жылдығын атап өткелі отырған шығармашылық топ NIS сахнасында қазақ әуендерін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бата беру байқауында 16 қария ата-бабаларымыздан қалған бай мұра – ақ баталарын ұсынды. Асыл сөздің құдіреті барлық көрермендерді орнынан тұрғызды. Оқушылар ақсақалдар мен ақжаулықты әжелердің жүректерінен шыққан әр сөзін ықыласпен тыңдап, қабыл алды.
«Бата – тәрбиелік мәні зор, қазақ халқының асыл қазынасы. Оның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Бата алған халық жақсылыққа сеніп, ырыс-ынтымақ, бақ-береке болады деп ырымдайды», – дейді Құдайберген Мұхамедияров.
9-сынып оқушысы Ақтілек Қосановтың атасы Оразбай Қосанов ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ерекше құрметтейді және бүгінгі байқауда өзінің шығарған бата тілектер мен өсиеттер жинағын мектеп кітапханасына тарту етті.
«Бата халқымыздың өшпес мұрасы, ұлттық қазынамыз. Сондықтан мұны кейінгі буынның санасына сіңіріп, жетесіне жеткізіп, көкірегіне құйып, жүрегіне ұялату біз сияқты үлкендердің парызы», – дейді қария.
Жас ұрпақты иманды, мейірімді, зерделі, арлы болып өсуіне баулу мақсатында еткізілген додада қариялар әртүрлі тақырыптарда баталарын беріп, ұлағатты сөздерін кішіге арнады. Барлығын да бөліп жармай әртүрлі номинацияларға лайықты деп танылып, Әкелер кеңесінің арнайы сыйлығы табысталды.