Тірек мектептер жобасы: ауыл ұстаздары NIS-те тағылымдамадан өтті

05 наурыз 2024 15:57

Қызылорда облысының Арал, Қармақшы және Жаңақорған аудандарының мұғалімдері өңірдегі Зияткерлік мектепте әдістемелік тәжірибе жинақтады.

«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында NIS базасында өткізілген біркүндік тағылымдамаға Аралдың Ж.Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейі, Қармақшыдағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі және Жаңақорғаннан №286 жалпы білім беретін мектеп педагогтері қатысты. Ауыл ұстаздары жаратылыстану-математикалық, гуманитарлық-қоғамдық, өнер және дене шынықтыру пәндері бойынша NIS ұстаздарының ашық сабақтарына қатысып, педагогикалық қоржындарын жаңа әдістемелермен толықтырды. Сонымен қатар сабақты жоспарлау мен зерттеу әдістері, оқыту үдерісіне сандық технологияларды кіріктіру жолдары, бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және оқу мақсатына сәйкес тапсырмалар мен бағалау құралдарын тиімді құрастыру тәсілдерін меңгерді.

NIS тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге тарату аясында 22 пилоттық және инновациялық мектептің кітапхана қызметкерлері де біліктіліктерін арттырды. «Мектеп кітапханасындағы функционалдық сауаттылықтың өзекті нысандары» тақырыбында өткен практикалық жұмыстарға қатысып, оқушыларды кітап оқуға баулу бойынша мектеп жобаларымен танысты.