Арайжан Нартай халықаралық олимпиадада ІІ орынды жеңіп алды

04 сәуір 2024 13:51

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Әл-Фараби 2024» халықаралық олимпиадасында  Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Арайжан Нартай қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша  ІІ орынды жеңіп алды.

Қазақстан және ТМД елдерінің, сонымен қатар таяу және алыс шетел білім беру ұйымдарының 11-сынып оқушылары қатысқан додада дарынды өрендер 3 кезеңде бақ сынасты. Пәндік тест, эссе жазу секілді күрделі тапсырмаларды орындап, қазақ тілі мен әдебиетінен алған  білімдерін ортаға салды. Арайжан барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, жеңіс тұғырының 2-ші сатысынан көрінді. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, өткен жылы Арайжан  9-11- сынып оқушылары арасында өткізілген «Мен Қазақстанды не үшін сүйемін?…» атты республикалық шығармашылық байқауында да топ жарып, жеңімпаз атанған болатын.

Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылығы ұстазы Гаухар Абайқызының ерекше оқыту әдістемесі арқылы туындағанын айтады:

– Мұғалімнің  күнделікті  сабағында әрбір  оқушының ана тіліне деген ерекше құрметін қалыптастыруға бағытталған  қызықты тапсырмалар орындаймыз. Емтихандарға дайындық кезінде де  шығармашылық қабілетіміз шыңдала түседі. Ал «Эссе жазу» элективті курсында  әдеби шығармаларға талдау жасау арқылы креативті жазуға машықтандым.