Алдияр Аппаздың мақаласы халықаралық Scopus базасында жарық көрді

25 сәуір 2024 15:27

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Алдияр Аппаздың «Изовалериан қышқылының моноглицеридтер синтезін микротолқынды белсендіру және оның микробқа қарсы белсенділігі» тақырыбында жүргізілген зерттеу нәтижелері әлемдегі ең ауқымды Scopus дерекқор жүйесіне енетін «Bulgarian Chemical Communications» болгариялық журналда жарияланды.

Бұл жұмысты Алдияр әкесі – химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нурбол Аппазов, мектептегі ұстазы Марат Сыздыкбаев және басқа да университет оқытушыларымен бірігіп дайындаған. Жұмысшы топ құрамында ол химиялық заттардың микротолқындық сәулелендіру арқылы синтездеу жолын қарастырып, алынған өнімді физика-химиялық талдау әдістері көмегімен зерттеді және оның ауру қоздырғыш бактериялар мен зең саңырауқұлақтарына қарсы белсенділігін анықтады. Алынған антибактериалды препараттың әлемдік медицинаға тигізер пайдасы туралы мақалада жан-жақты көрсетті.

Айта кетейік, Scopus – бұл жаратылыстану- ғылыми және медициналық бағыттағы ғылыми еңбектер жинағына бай мұрағат. Бүгінге оның құрамында әлемдік деңгейдегі 22 000 басылымдар бар және 2004 жылдан бері бұл жүйеде 40 миллоннан астам ғылыми мақалалар жарық көрді.

– Қазіргі заман талабына сай ғылыми зерттеу нәтижелерін осындай басылымдарда жариялау сұралады, тек осындай мақаласы бар ғалымдар ғылыми дәреже алуға диссертациясын қорғай алады немесе ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор, профессор) ала алады. Бұл оқушы үшін үлкен жетістік, – дейді ғалым Нұрбол Аппазов.

Алдиярдың ғылымға деген қызығушылығы әкесінен дарыған. Мектеп зерттеушілік дағдыларды одан әрі дамытуға септігін тигізді. Химия ғылымымен қатар Алдияр IT саласында да үздік өнертабыстарымен ерекшеленіп жүр. Жақында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Kyzylorda Idea Battle» стартап жобалар байқауында Алдияр Аппаз сыныптасы Дінмұхаммед Абдиев екеуі жүлдегерлер қатарынан көрініп, «Мүмкіндігі шектеулі жадарға арналған қолғап» жобасын дамыту үшін қаржылай сыйақыға ие болды.