- /
- Новости /
Жасанды интеллект және адамзат
18 қыркүйек 2024 16:42
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «OzgerTeam» қоғамдық қорымен бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда қаласындағы NIS-те «Бұл палата жасанды интеллект адамзат үшін қауіпті деп санайды» тақырыбында мектепішілік пікірсайыс өтті.
Дүниежүзілік мектеп пікірсайысы форматында өткізілген дебат ойындарына 7-9-сынып оқушыларынан құралған төрт команда қатысып, әрқайсысы жасанды интеллектіні қолдайтын және оған қарсы өз дәлелдерін ортаға салды.
Қатысушылар жоғары дайындықпен келіп, сыни ойлау дағдыларын көрсете білді. Бірі AI бақылаусыз қалу қауіпін, оны әскери мақсатта пайдалану мүмкіндігін және адамдардың жеке өміріне тигізер зиянын түсіндірсе басқалары, керісінше, жасанды интеллект қоғам өмірін айтарлықтай жақсартатын, жұмыс тиімділігін арттыратын және медицина, экология, білім беру секілді салаларда жаңа шешімдер ұсына алатын құрал екенін дәлелдеді.
– Пікірсайыстар мазмұнды және қызықты болды. Оқушылар AI адамзатқа әлеуетті тәуекелдерді де, орасан зор мүмкіндіктерді де ескере отырып, әртүрлі қырынан талқылауды жалғастыру маңызды екенін көрсетті. Әділқазылар 3 үздік ойыншыны анықтап, олар облыстық кезеңде мектеп намысын қорғайтын болады. Біздің мақсатымыз – жастарды күрделі тақырыптарды талдауға, дәлелдерді іздеуге және өз көзқарастарын сыни тұрғыдан негіздеуге үйретіп, ой-өрістерін кеңейту, – дейді Дүниежүзілік мектеп пікірсайыс форматы бойынша Ұлттық жаттықтырушы Гүлзат Шынтасова.