ҰСТАЗДАР ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

09 тамыз 2024 16:32

ӨСКЕМЕНДЕГІ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ ӘР ӨҢІРІНЕН ЖИНАЛҒАН МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН «БІЛІМ БЕРУДЕГІ ӨЗГЕРІСТІҢ 1000 КӨШБАСШЫСЫ» АТТЫ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІКТЕРІ МЕН БІЛІМДЕРІН ЖЕТІЛДІРЕТІН БЕСКҮНДІК ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ БОЛЫП ӨТТІ.

 

Аптаның әр күні әртүрлі бағытта белгіленген жоспар бойынша алғашқы оқу күнін ұстаздарға мектеп директоры Ерниязова Жұпат Оралқызы мектептің ішкі тәртібі, бағыты, мақсат-мүдделері жайлы таныстырды. Екінші күні ұстаздар директордың оқу жөніндегі орынбасары Умбетаева Жанар Сайлаубекқызынан сабақ кестесі, күн тәртібі, оқу бағдарламалары мен білім сапасына басты әсер ететін кері байланыс жүйелерін біле алды. Өз кезегінде Мукашева Құралай Қайырдықызы әдістемелік жұмыстың құрылымы (тәсілдері, бағыттары мен нысандары) және мазмұны, жас мамандарға бағыт бағдар көрсету жолдары, педогогтердің біліктіліктерін жоғарылату, оқытуды үздіксіз жақсарту үшін мұғалімдердің зерттеулерді жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті. Ал аптаның екінші жартысы тәрбиелік тұрғыларды қамтамасыз ететін ақпараттарға толы болды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мухтарханова Гульшат Токтасыновна мен педагог-ұйымдастырушы-куратор Жұмағалиева Алуа Әлібекқызы мектепішілік тәрбие жобалары,  оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуді жақсартуға ата-аналарды тарту тәжірибесі, қосымша білім беру жүйесі тақырыптарында сабақтар өткізіп, серпілту сәттері, оқушыларды ойнатуға кеңес беретін көңілді ойындарымен ұстаздардың тағылымдамасын қызықтыра түсті.

 

Бірнеше күн көптеген жаңа идеяларды тәжірибе жүзінде көрсетілген тағылымдамадан мұғалімдер өте көп қор жинап қайтты.

-Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен тағылымдамадан мектептегі қызметтің барлық саласы бойынша толық ақпарат алдық, сіздер бөліскен ақпараттар, материалдар біздің ары қарайғы жұмысымыз үшін өте құнды себебі Назарбаев Зияткерлік мектебі әрқашанда алдыңғы қатарлы үлгілі мектеп болмақ. Сіздерге үлкен рахмет, еңбектеріңіз жемісті бола берсін!,- деп өзінің алғысын жеткізді тағылымдама қатысушысы Ибраимова Рахат Тлеубердиновна.