"Мөңке күні" өткізілді

30 қыркүйек 2024 11:37

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде игі дәстүр бойынша "Мөңке күні" өткізілді. Биыл мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары Мамлют ауданындағы Федосейскино көліне барып, қармақ салды. Барлығы шараға NIS шәкірттері мен олардың ата-аналарының 15 команда ат салысты.
Жайма-шуақ күні үш сағат бойы балалар мен ата-аналар балық аулап қана қоймай, бір-бірімен сөйлесіп, әңгіме дүкен құрып, жақсы уақыт өткізді. Іс-шараның қорытындысы бойынша үш сағат ішінде 1,6 кг балық аулаған Ысқақовтар отбасы Сымбат пен оның әкесі Ерік бірінші орынды иеленді. Екінші орын Даниял Қамит пен Омар Бимановқа бұйырды. Олар осымен үшінші жыл қатысып, биыл 1,2 кг аулай алды. Үздіктер үштігін Айлин Байкал мен оның әкесі Алексей Ягодвик тұйықтап, 1,2 кг мөңкені қармаққа түсірді.
Негізгі жүлделерден бөлек, қатысушыларға түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды. Іс-шара бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, табиғатта бірге уақыт өткізуге және көңіл көтеруге тамаша мүмкіндік болды.