Мектеп тарихы
Мектеп тарихы
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған.Қазіргі таңда мектептің 7-12 сыныптарында 799 бала білім алады.
Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Польша, Финляндия, Оңтүстік Корея, Қытай, Греция және Малайзияда халықаралық деңгейде 18 оқытушы біліктілігін арттырды.
2016 жылы мектебіміз жаңа ғимаратқа көшті. Бұл мектеп қана емес, қала тарихындағы ерекше кезең. Өйткені Зияткерлік мектеп қала картасындағы жаңа «Қарағайлы» ауданының салынуына түрткі болды. Жаңа ғимараттағы 120 балаға арналған жатақхана шалғайдағы елді-мекендердің балалары үшін бізде білім алуға жаңа мүмкіндік ашты.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2017 жылдың 24 мамырында білім саласында жоғары стандарттар мен соңғы жаңалықтарға қол жеткізгендер ұйымы саналатын халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан өтті. Сондай-ақ, оқу ордамыз 2023 жылы (CIS) Халықаралық Мектептер Кеңесі аккредитациясынан сәтті өтіп, өзінің халықаралық статусқа лайықты екенін 2-ші мәрте дәлелдеді. CIS ұйымына мүше болу мектептің дамуы мен үнемі өзін-өзі жаңғыртып отыруға перспективалық жол ашады. Бұл өз кезегінде мектептің жоғары сапалы білімге ұмтылатындығын дәлелдейді.
2016-2017 оқу жылында білім ошағымыз серіктес мектептермен байланыс орнату арқылы халықаралық деңгейге көтерілді. 2017 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы JBSN Халықаралық бакалавриат (IB) мектебімен, 2019 жылы Гавайидың Гонолулу қаласындағы Пунаху мектебімен серіктестік қарым-қатынас орнатылды. Бұдан бөлек, ZfA халықаралық неміс ұйымы, Гете неміс институты, РФ «Мәскеу экономикалық мектебі» гимназиясы, Семей қаласының Шәкәрім университеті, Семей медициналық университеті, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж сынды бірқатар білім мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған екіжақты меморандум бар.
Мектеп бағдарламасында оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай олардың сыни ойлау мен өзін-өзі тәрбиелеуді дамыту ескерілген. Бағдарлама сонымен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін бірде дамытуға бағытталған. Еліміздегі үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру үшін пәндер осы үш тілде қатар беріледі.
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен жасалған Семейдегі ФМБ НЗМ - де көптілді білім беру саясатының моделі тиімді жұмыс істейді. Екінші шет тілін үйренуге қатысты оқушылар өз таңдаулары бойынша француз, қытай, неміс және корей тілдерінде дәріс ала алады.
Мектеп жанында 120 балаға арналған жатақхана бар. Жатақхана тәрбиеленушілерінің денін ауылды жерлердің балалары құрайды. Мектеп дәл осы жатақхана тәрбиеленушілерінің күнделікті және демалыс күндерінде лайықты жағдайда білім алуын, тұруын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Маңызды кезеңдер:
2014 жылы мектеп түлектері алғаш рет отандық білім тарихында сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша Кембридж университетінің халықаралық сертификатының иегері атанды.
2014 жылы мектеп РФ «Орал федералды округінің мұғалімдер үйі» тарапынан «Жылдың үздік олимпиадалық мектебі» дипломына ие болды.
2018 жылы мектеп сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ рейтингісінде 1 орынға ие болды (12 сынып оқушыларының қорытынды аттестациясы).
2017 жылдың ақпан айынан ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептерінің мүшелігіне үміткер болып, 2021 жылы толыққанды мүшелікке өттік.
2021 жылы физика пәнінің мұғалімі А.С.Жұмабеков Варке қорының «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына үміткер әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына енді.
2022 жылы жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін білім ошағымызға «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағы беріліп, жүлделі ІІІ орынға ие болдық.