🌱НЗМ ОҚУШЫСЫ ҚАНАТ ТӘЖІХАН ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ТИІМДІ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН ЖАСАП ШЫҒАРДЫ

14 қараша 2024 17:28

🌱Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қанат Тәжіхан әлемдегі алғашқы қалқымалы күн бақылау және тазалау жүйесін жасап, жасыл экономикаға өз үлесін қосып отыр. «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында 3 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алған ол, күн панелдерін Алматы облысындағы экотуристік аймақта орнатты.
🌱Қанаттың жобасы – қуаты 6600 ваттқа жететін, күн сәулесін бақылау және тазалау бойынша ақылды жүйемен жабдықталған ең тиімді күн электр станциясы. Бұл жүйе қарапайым панельдерге қарағанда 65 пайызға көп энергия өндіреді, өйткені су бетінде орналасуының арқасында күн сәулесін шағылыстырып, энергияның жоғалуын азайтады. Сонымен қатар, панельдерде энергия жинауды арттыру үшін автоматты тазалау және күн сәулесін бақылау жүйесі бар, бұл олардың тиімділігін ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
🌱Қанаттың жобасы көмірге тәуелділікті азайтып, Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, жас өнертапқыш жасанды интеллект негізіндегі қоқыс сұрыптау құрылғысын және тіл арқылы басқарылатын мүгедектерге арналған протез жасап шығарды. Қанат болашақта энергетика министрі болуды армандайды және жасыл экономика бағытында көптеген жобаларды іске асыруды мақсат етеді.