banner

Мектеп тарихы

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс жасайды.

Оқушылардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету және әлемдік білім беру кеңістігінде нәтижелі жұмыс жасау мақсатында мектеп бағдарламасына үш тілде оқыту жобасы енгізілген.

Мектепте стратегиялық әріптес-Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген «NIS – Programme» білім беру бағдарламасы қазақстандық және халықаралық бағдарламалардың интеграциясына негізделген.

860 орынға негізделіп дайындалған мектеп 7 блоктан құрылған: онда 81 оқу сыныбы, 24 оқушыға арнап жабдықталған 21 кабинет, 12 оқушыға арналған 54 кабинет орналасқан. Сонымен қатар, математика, STEM, техникалық модельдеу кабинеттері, нано және биотехнология, робототехника, физика, химия, биология зертханалары қарастырылған.

Зияткерлік мектеп робототехника, «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» атты оқу және психологиялық көмек көрсететін кабинеттер, телестудия, оранжерея, мәжіліс залы мен кітапханамен толық жабдықталған.

Мектеп кітапханасы «100 кітап» жобасы аясында құрылған қазақ және әлемдік классика бойынша әдебиет туындыларын қамтиды. Сонымен қатар, оқушыларға биология, химия, физика және математика пәндері бойынша қазақ, орыс, және ағылшын тілдеріндегі 1500 оқу фильмдер жинақталған TWIG онлайн платформасына қолжетімділік бар.

Қазақтың ұлттық нақышы мен табиғи ландшафтымен үйлескен декоративтік өсімдіктерден құралған композициялары бар мектеп оранжереясы балалардың релаксациясына арналған аймақ ретінде жұмыс жасайды.

Бүгінде бұл оқу ордасында 1000-нан астам оқушы білім алады. Мектепте 75 оқу кабинеті бар, олардың қатарына математика, STEM, техникалық модельдеу кабинеттері, нано-биотехнология, робототехника, физика, химия, биология зертханалары кіреді. Сондай-ақ жеке сабақтар өткізуге және психологиялық демалысқа арналған арнайы кабинеттер де қарастырылған.

Оқушыларға білімдерін тереңдету үшін TWIG онлайн платформасы қолжетімді. Бұл платформада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде биология, химия, физика және математика пәндеріне арналған 1500 оқу фильмі бар.

Мектепте түрлі санаттағы ұстаздар, соның ішінде сарапшылар, модераторлар және пән мұғалімдері қызмет етеді. Олардың қатарында жоғары білікті мамандар бар: магистрлер, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар мен алдыңғы қатарлы білім беру мекемелерінің түлектері.

Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS 2018 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеуінен өтті, ал 2019 жылы ұлттық деңгейде аккредитация алды. Мектеп оқушыларының IELTS бойынша орташа балы – 7,2.

2015–2022 жылдар аралығында мектеп «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы үздік олимпиадалық мектеп» мәртебесін иеленді. Он жыл ішінде мектеп оқушылары 778 рет республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп, білім мен біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетті.

10 жылда Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-ті 1304 оқушы бітірді. Тоғыз түлек Гарвард, MIT, Йель университеті, Пенсильвания университеті және Уильямс колледжінде білім алуда. 409 түлек АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Италия, Канада, Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және Францияның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ 295 түлек Назарбаев Университетінде, 440 түлек өзге де жетекші отандық жоғары оқу орындарында оқиды.

Мектеп түлегі Ақназар Қажымұратты еске алу мақсатында жыл сайын зияткерлік турнир өткізіледі. Қалалық шара биыл «Алматы Дарыны» орталығымен бірлесе ұйымдастырылып, ресми түрде олимпиада мәртебесін алды.

Сондай-ақ білім ордасында оқушылардың жеке қасиеттерін, көшбасшылық қабілеттерін және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта спорттық және шығармашылық дағдыларды жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ұйым жұмыс істейді.

Айта кету керек, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS командасы робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды. Команданың жетістіктер қоржынында 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде және 2024 жылы Афинада өткен First Global Challenge-дің алтын жүлделері бар. NIS оқушылары әлемнің 190 елінің арасынан үздік атанды.

Ал мектеп оқушыларының «Aenoica» жобасы NASA халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Жоба авторлары 300 мың адамға жайлы мекен бола алатын станцияны және кванттық коммуникациялар мен технологиялық дамыған агрокультураны қолданатын өмірді қамтамасыз ету жүйесін жасап шығарды.

NIS оқушысы Сымбат Барсағазы Хьюстон қаласындағы NASA-ның United Space School бағдарламасы аясында екі апталық тағылымдамадан өтті. Бағдарлама барысында ол команда құрамында Марсқа ұшуды жүзеге асыратын пилоттық миссияның жобасын әзірлеуге атсалысты.