“Daryndy Zhuldyzdar” V халықаралық өнер байқау-фестиваліндегі екі гран-при

20 тамыз 2024 16:59

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі оқушысы Ташкентте өткен “Daryndy Zhuldyzdar” V халықаралық өнер байқау-фестивалінде гран-при иегері атанды. Ясмин Жетпісбаева “Бейнелеу өнері” номинациясында ең жоғары марапатқа ие болса, Дарина Алшын “Сәндік-қолданбалы өнер” номинациясында жүзден жүйрік атанды.
Дарина Алшын байқауға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арнаған “Рухани бейбітшілік аймағы” атты киізден жасалған триптихін ұсынды. Дарина өз жұмысында тарихи ескерткіштің рухани мұрасы мен сәулеттік ұлылығын бейнелеп, туған жерінің мәдени мұрасына деген терең құрметін жеткізді. Ясмин Жетпісбаева өз кезегінде қазылар алқасына “Көркем” атты кенепте салынған суретін ұсынды. Оқушы оларды қазақ қызының ерекше образымен таң қалдырып, бар өнерін көрсетті. Екі туынды да қазылар алқасының мүшелерін бей-жай қалдырмай, оқушылар беделді халықаралық байқау-фестивалінің бас жүлдесін иеленді.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары осы жылдың қазан айында Стамбұлда өтетін тағы бір халықаралық балалар фестиваліне жолдама алды. Бұдан бөлек оқушылар Өзбекстан астанасының көрікті жерлерімен таныса алды.
Оқушылардың педагогы Айжан Даирова балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды.